Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев шұғыл жиын өткізді. Жиынға сауда орындарының өкілдері қатысты. Шаһар басшысының орынбасары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағаларын ұстап тұруға бағытталған шараларды саралап, мемлекеттік органдар тарапынан бағаны негізсіз көтерген нарық субъектілеріне бақылауды күшейтуді, баға мониторингі және әрекет ету шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеуді сала басшыларына жүктеді.

– Бағаны негізсіз өсірмеу және сауда үстемесін асырмау үшін қала барлық супермаркеттермен меморандум түзілген жағдайда әкімдіктер сауда саясатын іске асыру жұмысын, бақылау функцияларын күшейтуі қажет. Оның ішінде шекті бағаларды белгілеу, нарық субъектілерімен шарттар жасасу бар. Ендеше, сауда желілерінде сауда үстемесінің көтерілмеуі көзделуі тиіс. Алда мерекелік күндер бар. Қауіпсіздік, баға тұрақтылығы күнделікті бақыланады, – деді Дархан Есалыұлы.

Қазір Қызылорда қаласында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімінің 8-де баға өскені байқалады. Қалған 11 өнім бойынша баға тұрақты. Алдағы уақытта жергілікті сауда орындары «Байқоңыр» ӘКК арқылы бағаны тұрақтандыру бойынша арзандатылған тауарлар алуларына болады.

Ал, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Аманжолұлы бюджетке түсетін түсімдердің өсімі, ең алдымен салық базасын айқындау арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұл ретте, жеке бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, яғни салық жүйесіндегі өз міндеттемелерін адал орындау өте маңызды екені ескертілді.

БӨЛІСУ