Қызылорда қаласы әкімдігімен ұйымдастырылған арнайы жұмысшы топпен (Жайна, Нұрдина, Сыбаға, Талғат) қала аумағында орналасқан сауда нысандары араланды. Кәсіп иелеріне “Заңсыз пиротехникалық бұйымдардың салдары” және “Өрт қауіпсіздігі” ережелері туралы профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Оның ішінде өрт болған жағдайда алғашқы іс-әрекеті, өрт сөндіру құралдарын үнемі жарамды күйде ұстау, сауда орындарының эвакуациялық шығу жолдарына бөгет жасамау, жүргізілген электр сымдарының жай-күйін үнемі бақылауда ұстау жөнінде өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.
ҚР ІІМ-нің нұсқаулығына сәйкес 2024 жылдың 5 желтоқсанынан бастап 2025 жылдың 3 қаңтар аралығында 2 кезеңнен тұратын республика аумағында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс – шарасы өткізілуде.
Іс-шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау, осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Аталған іс-шараға байланысты облыс көлеміндегі базарлар мен сауда орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мереке қарсаңында балалар арасында жарақатты болдырмау мақсатында барлық білім беру мекемелерінде мектеп инспекторларымен қауіпсіздік шаралары туралы дәрістер өткізетін болады.
Елді мекендерде және бұл үшін бөлінбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ, пиротехникалық заттардың және оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы қызмет құқығына лицензиясы бар тұлғалардың пиротехникалық заттарды сақтау, олармен сауда жасау тәртібін бұзған тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 483-бабы 1-бөлігі бойынша пиротехникалық құралдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға –5, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Еркін сауда жасауға Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен, заттармен сауда жасау ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғатынын ескертеді.