Қызылордалық полицейлер еріктілерді марапаттады.
Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау аса маңызды міндет екеніне тоқталып, Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету екенін айтып, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді.
Осы ретте Қызылорда облысының Полиция департаментінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің сапалы орындалуы мен елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтау бағытындағы жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Басым бағыттардың бірі саналатын қоғам белсенділері мен еріктілер қозғалысын қолдауға Полиция департаменті тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Олардың еңбегі еленіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде полицейлерге көрсеткен көмектері үшін марапатталып келеді.
Осы орайда бүгін 5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы белсенді азаматтық ұстанымдары мен ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті сақтауға және өңірде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек көрсетіп, ерекше көзге түскен еріктілерді марапаттады.
Олардың қатарында «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қорының төрайымы Ольга Чебакова, «Жастардың спорттық туризм және туристік көпсайыс федерациясы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Досмаилов Бахытбек, Қызылорда облысы еріктілер тобының мүшесі Нұрғазы Бексұлтан, Баймұрза Әсетхан, Қызылорда облысының “Волонтерлар фронт офисі” жетекшісі Айтбенбетов Болатбек, Дала қырандары тобының мүшелері Қобланов Бейбітжан, Иманғали Ерсұлтан, Нәлібаев Әлихан, Қарабек Нұрасыл, Бақыт Бақдаулет, Өтеген Нұрасыл, Уалихан Еркебұлан, «Qosyl» ұжымы, «Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының мүшелері бар.
«Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Жыл басынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында еріктілермен бірлесіп, нәтижелі жұмыс атқарылды.
Біз Қызылорда облысының Полиция департаменті өзгеге қол ұшын беретін Сіздердей жандарды әрдайым құрметтейміз. Сіздер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер. Мемлекет Басшысының өзі «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар деп жоғары бағалаған. Бүгінде қоғамға пайдалы іс-шаралар атқарып, қайырымдылық жобаларын жүзеге асырып қана қоймай, мұқтаж адамдарға қол ұшын танытып жүрген барша азаматтарға алғыс айтамыз.
Мерейлі мерекеде отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!» деген ізгі лебізін білдірді О.Омаров.
Алдағы уақытта халық тыныштығын күзеткен полицейлер еріктілермен жұмыс жасап, байланысты жалғастырмақ.

БӨЛІСУ