Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі.
«Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар» шеңберінде өңірімізде мүгедектігі бар адамдарды қолдау бағытында біршама жұмыстар атқарылуда.
Қызылорда қаласында жүзеге асып жатқан «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау жобасы аясында мүгедектігі бар адамдарға заңгерлік кеңес беру, психологиялық көмек, әлеуметтік-тұрмыстық, кәсіпке баулу дағдыларын үйрету, бос уақытын тиімді үйлестіру жұмыстары, түрлі тақырыпта семинар-тренингтер мен мәдени шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Соның бірі, бүгін қаламыздың Сол жағалауында орналасқан Жастар ресурстық орталығында 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күніне орай қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасап жатқан Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен мүгедектігі бар тұрғындардың қатысуымен мәдени шара өткізілді.
Шарада қала әкімінің орынбасары Тұрсынбаев Дархан Есалыұлы мүгедектігі бар қолөнер шеберлерінің көрмесіне оң баға беріп, қала әкімінің атынан жыл көлемінде қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысқан, жетістікке жеткен қоғамдық бірлестіктер мен ерекше жандарды алғыс хаттарымен марапаттады.

БӨЛІСУ