Осы жексенбі, яғни 8 желтоқсанда Қызылорда өңіріндегі 7 округте шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
Сайлау науқаны Қызылорда қаласында, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында ұйымдастырылады.
Әр округтен 3 кандидат, барлығы 21 кандидат тіркелді.
Тіркелген 21 кандидаттың 4-і саяси партиялар атынан, 17-і өзін-өзі ұсынған. Кандидаттардың 5-і әйел, 16-ы ер азаматтар.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес ертең, 7 желтоқсан – тыныштық күні, 8 желтоқсан – дауыс беру күні. Тыныштық күнінде және дауыс беру күні кандидаттарға үгіт жүргізуге қатаң тыйым салынады.
Дауыс беру таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жүзеге асады. Сайлаушылар тізіміне енген әрбір азамат өз жеке басын куәландыратын құжатын көрсету арқылы бюллетень алып, таңдау жасайды.
Сондай-ақ, учаскеге келуге мүмкіндігі жоқ сайлаушылар тасымалданатын жәшікпен дауыс беруіне болады. Ол үшін азамат 8 желтоқсан түскі сағат 12.00-ге дейін учаскеге өтініш тастауы тиіс.
Сайлау процесін бақылауға аккредитациядан өткен байқаушылар және куәліктері бар кандидаттың сенім білдірген адамдары қатыса алады.
Айта кетейік, дауыс беру уақыты аяқталған сәттен кейін учаскелік комиссия мүшелері дауыстарды заңға сәйкес 12 сағат ішінде санап, қорытындысын анықтайды.
Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы