3 желтоқсанында Қызылордада Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жастар – қайырымдылық жолында» атты қайырымдылық жасаушылар мен еріктілердің, Ассамблея жастарының қатысуымен кездесу өтті.
Кездесуге облыстық ҚХА қайырымдылық жасаушылар мен еріктілер, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, облыстық этномәдени бірлестіктер, «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу модераторы облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев елдегі бірліктің, адал еңбек пен жанашырлықтың үлгісіне айналған өңірлік Ассамблея өкілдерінің қайырымдылық бағыттағы жұмыстарына тоқталды.
Осы ретте, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» орталығы мен этномәдени бірлестік мүшелері, Ассамблея жастарының жүйелі жұмыстары жайлы бейнеролик қатысушылардың назарына ұсынылды.
Мұнан соң, облыстық Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Дильфура Байрахтарова, «Жомарт жан» қоғамдық награданың иегері Есит Пашаева, «Ассамблея жастары» республикалық жастар қозғалысының облыстағы жетекшісі Елена Пак, «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының жетекшісі Жасұлан Рысбек сөз сөйлеп, қоғамды ізгілендіре түсетін игі істері жайлы айтып өтті.
Кездесу соңында жыл көлемінде қоғамдық қызметте белсенділік танытқан жомарт жандарға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюповтың Алғыс хаты табысталды. Келелі кездесу «Ассамблея жастар» ұйымы белсенділерінің орындауында «Бірлігіміз жарасқан» ұранымен қорытындыланды.
Айта кететіні, қайырымдылық бағытта жыл басынан бері 82 іс-шара ұйымдастырып, 3 мыңға жуық адамның жоқ-жітігі түгенделіп, күрмеулі мәселесі шешілді. Көктемде елдің бірнеше өңірін тасқын су басқаны белгілі. Қысылтаяң кезеңде Сыр өңіріндегі этномәдени бірлестік мүшелері мен ерікті жастар лек-легімен бірнеше тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Бірліктің темірқазығын көрсетіп жүрген Ассамблея бұл мақсатқа 4 миллион 890 мың теңге жұмсады. Ал «Ассамблея жастары» жыл басынан бері қамқорлығын танытумен қатар, жастар арасындағы рухани мәні бар мәдени іс-шаралар, бәсекеге қабілетті жастар арасындағы спорттық ойындар, интеллектуалды сайыстар, тарихи-танымдық экспедициялардың барлығын қосқанда 74 шара өткізді.