Қызылордада инвестор қаржысына жаңа жылу-электр орталығы салынуда.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.
Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес Сыр елінде ірі жоба жүзеге асуда. Қызылорда қаласында 215 млрд.теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде.
«Президентіміздің тікелей қолдауымен бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд.теңге инвестиция салды. Орталық келер жылдың қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Құрылыс барысы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауында. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына бой көтерген ең ауқымды, теңдессіз жоба», – деді аймақ басшысы
Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін 773 қызметкер озық технологиялармен жабдықталған заманауи ғимаратта жұмыс істейтін болады.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда.