Қазақтың Ақбаянын еске алу кеші өтті.
«Мереке» вокалды-аспапты ансамблінің қатысуымен ҚР еңбек сіңірген әртісі қазақтың бір туар қызы, әнші Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына орай «Есіңе мені алғайсың» атты концерт өтті.
М. Ералиева атындағы мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен өткен кешті «Қалалық мәдениет Үйі, клубтар және халықтық ұжымдар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын директорының міндетін атқарушы М.Нұртаза ашып берді.
Концерт ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ляйла Насимханованың орындауында Әбдімәлік Сыздықовтың сөзіне жазылған Бексұлтан Байкенжеевтың «Ақбаян» әнімен жалғасын тапты.
Әнші Мәдина Ералиеваның өмірін, шығармашылығын келер ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізілген концертте «Ерен еңбегі үшін медалінің» иегері, композитор Сәбит Ұлықпанұлы жетекшілік ететін «Мереке» вокалды-аспапты ансамблінің солистері де өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық-ықыласына бөленді.
Қазақ ән өнерінің Ақбаяны ел жүрегінде мәңгі жасай бермек.