Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі Шиелі ауданында көшпелі отырыс өткізіп, аудандағы тарихи-мәдени нысандардың жай-күйі мен ұрпақ тәрбиесін талқылады.

Жалпы Қызылорда облысында тарих сырын шертетін ескерткіштер өте көп. Осындай өзіндік құндылығымен танымал ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің 42-сі Шиелі ауданы аумағында орналасқан.
Көшпелі жиын алдында кеңес мүшелері бірқатар тарихи-мәдени ескерткіштер мен мәдениет үйлерінің жағдайымен танысқан болатын. Отырыста алдымен осы бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов баяндап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.
Жалпы өңірдегі 42 ескерткіштің 3-і республикалық, 33-і жергілікті маңызға ие. 6-ы алдын ала есепке алынған тарихи мәдени мұра объектілері. Барлығына қолданыстағы заңдылықтар негізінде қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары рәсімделген. Аудан бойынша мобильді қолжетімді жерлердегі 17 тарихи және мәдени ескерткіштерге QR-код тақтайшалары орнатылған. Сонымен қатар, қасиетті жерлерді сандық форматқа көшіру және олар туралы әлеуметтік желі қолданушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен облыс, аудан бойынша жергілікті маңызы бар киелі жерлердің 3D форматтағы интерактивті картасы дайындалып, облыстық жергілікті атқарушы органдардың сайттарына орнатылған.

«Ғылыми-реставрациялау, жөндеу, абаттандыру жұмыстары бойынша; 2018 жылы «Оқшы ата» мазаратына аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, Бәйгеқұм ауылына кіре берістен 4,7 шақырымдық жол салу, тас төсеу, автотұрақ салу жұмыстары жүргізілген. Осы бағыттағы республикалық жоспарға сәйкес, Оқшы ата мен Асан ата кесенелеріне 23 000 000 теңге қаржы бөлініп қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалса, жергілікті маңызы бар Қыш ата, Ғайып ата кесенелерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен есебінен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ескерткіштерді қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтарын белгілеу жұмыстары бойынша ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 5 млн тг жуық қаржы бөлініп тиісті жұмыстар жасалды»,- деді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов.

«АMANAT» партиясының Cайлауалды бағдарламасында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тұжырымдамасын дайындау қарастырылған. Бүгінгі күні жасөспірімдер арасында жаппай төбелес, суицид, зорлық-зомбылық әрекеттерінің белең алып, олардың қатысуымен орын алып отырған қайғылы оқиғалардың көп кездесуін тілге тиек еткен кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев бұл мәселе бойынша жағдай Шиелі аудынында көңіл көншітпейтінін айтты.

«Өткен оқу жылында ауданда 4 оқушы жол-көлік оқиғасынан жарақат алса, 3 жасөспірім қайтыс болған. Ағымдағы жылы да жол-көлік оқиғасынан 1 оқушы жарақат алып, 1 оқушы көз жұмым отыр. Суицид бойынша өткен жылы бір, биыл бір бала қайтыс болды. Мамыр айында 1 оқушы қатты соққыдан көз жұмыса, 2 оқушы пышақ жарақатын алған. Бұл қуанатын жағдай емес»,- деді Баймырза Қожамберлиев.

Жиында ұрпақ тәрбиесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетовтың хабарламасы тыңдалып, кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар берілді.

Отырысқа арнайы қатысып, кеңес жұмысын қорытқан партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов күн тәртібіндегі екі мәселенің өзектілігін атап өтті.

«Еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаев Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз-деген болатын. Ал, тәрбиеге байланысты «Жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет» – деген болатын. Сондықтан кеңесте көтерілген мәселелерге байыппен қарап, олардың тиісті деңгейде орындалуына әрқайсымыз жауаптымыз»,- деді Алмасбек Есмаханов.

БӨЛІСУ