Арал аудандық оқушылар үйінде қазақ әдебиетінің асқар шыңы, ұлтымыздың асыл перзенті, көрнекті жазушы әрі қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Қалам ұшындағы ғалам» атты Халықаралық суретшілер симпозиумы өтті.
Алдымен оқушылар үйінің фойесінде «Қалам ұшындағы ғалам» атты суретшілер симпозиумына қатысушы суретшілердің көрмесі қойылып, қонақтарға таныстырылыммен басталды.
Шарада аудан әкімі А.Оңғарбаев сөз алып, симпозиумның маңызын және жазушы өмір сүрген аймақты, оның кейіпкерлерін, Әбдіжәмілдің рухани дүниетанымын, жандүниесін, таза болмысын тереңірек атап өтті.
Қадірлі жерлестер, құрметті қонақтар, бүгін біз «Қалам ұшындағы ғалам» атты Халықаралық суретшілер симпозиумында жиналып отырмыз. Бұл күн – қазақ руханиятының тойы, әдебиет пен өнердің мерекесі. Біз не мақсатта суретшілер симпозиумын ұйымдастыруды таңдадық. Себебі текті өнердің төресі бейнелеу болмысымен бізге етене. Оның үстіне бүгінгі мерейтой иесі әлемге суреткерлігімен танылған тұлға. Әбдіжәміл Нұрпейісов – тек қаламгер ғана емес, халықтың жаны мен тағдырын, оның қуанышы мен қайғысын жүрек тереңінен өткізіп, шынайы бейнелеген суреткер. Әрбіріңізге ұлы жазушының рухы шабыт сыйлап, өнерлеріңізде жаңа белестерді бағындыруға серпін берсін!, – деп ізгі ниетін білдірді аудан басшысы.
Халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушы суретшілер заңғар жазушы Әбенің шығармаларында айтылған жерлермен танысып шығармашылық шабыт алып өміршең өнерді дүниеге әкеліп, тарту етті. Кәсіби суретшілер жас суретшілер және олардың ұстаздарына шеберлік сағатын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шарада Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық «ТҮРКІСОЙ» ұйымы сыйлығының иегері Қайырбай Зәкіров аталмыш шараның мазмұндылығына тоқталып, туған жердің құдіретін айтып өтті.
Жазушының ғасырлық мерейтойының маңызы көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген және елімізге танымал, дарынды суретшілердің қатысуымен еселене түсті. Оның ішінде Қазақстан Республикасының суретшілер Одағының төрағасы, «Күміс терек», «Кенесары хан», «Кездесу», «Қозы мен Баян», «Ата жолы» және де басқа көптеген туындылардың авторы Жұбаниязов Өмірбек Орынбасарұлы алған әсері туралы бөлісті.
Сондай-ақ Өзбекстан суретшілер Одағының мүшесі Диоров Нартайлақ Сейітқұлұлы және Қырғызстанның танымал суретшісі Орманбеков Шыңғыспен қатар біршама қылқалам шеберлері қатысып, симпозиумның маңыздылығы мен бауырлас елдер тағдырана ортақ Арал туралы ой қозғады.
Әбенің 100 жылдық мерейтойына арнап салынған туындыларды тамашалаған, кәсіби шеберлік сағаттарынан шабыттанған көрермендердің сұрақтары мен ой-пікірлері де айтылды.