Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев шаруашылық құрылымдары төрағаларымен кездесу өткізіп, егін егуге қатысты мәселелерді талқылады. Кездесуге Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-нің басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев, Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің ардагер ғалымы Камалдин Шермағамбетов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жанар Прешова қатысты.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласында өзекті мәселелер бар екеніне тоқталып, егін егудегі ауыспалы егіске тоқталды.
– Жыл сайын егін егу саласында су тапшылығына байланысты мәселелер туындайды. Биыл Мемлекет басшысының, облыс әкімінің қолдауымен егінге қажетті су толық жеткізілді. Алайда, алдағы жылы су мәселесі қалай болатынын ешкім болжай алмайды. Осыған байланысты аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев суды үнемдеу бағытында нақты жұмыстарды атқаруды тапсырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, суды аз қажет ететін дақылдар егу, егіс алқабын лазерлік тегістеу, ротация сақтау жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Осы талаптар сақталмаса, егін егу үлкен мәселеге айналады. Осы мәселені бірлесе отырып шешуіміз қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сөз кезегінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев егістік алқаптарда ауыспалы егіс талабын сақтап, суды аз қажет ететін дақылдарды егу қажеттілігін айтты. Тиісінше, алдағы жылы егістік көлемі қысқаратынын жеткізіп, шаруашылық құрылымдары төрағаларына әртараптандыру жұмыстарына басымдық беруді ескертті.
Мәжіліс барысында Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-нің басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев, Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің ардагер ғалымы Камалдин Шермағамбетов және «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев, «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов бастаған шаруашылық төрағалары ротация тәртібіне қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Мәжіліс барысында мамандар егін егу және ауыл шаруашылығы техникаларын алуға қатысты жеңілдетілген нисие бағдарламаларын түсіндіріп өтті.