Бүгінде облыстың құрылыс саласы қарқынды даму үстінде. Соңғы екі жылда құрылысқа бөлінген бюджет көлемі 5 есеге артқан. Мәселен, өңірде биыл 189 жобаның құрылысы жүзеге асса, оның 61-і облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында басқарма басшысы Ерлан Төрәлиев айтты.
– Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,6 пайызға өскен. Жалпы, соңғы екі жылдағы көрсеткіш бойынша біздің облыс құрылыс жұмыстары бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында осы жылы 869,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Ұлттық жоба аясында 1 154 пәтерді құрайтын 21 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1 696 пәтер сатып алу және апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Айта кету керек, кейінгі 2 жылда 4 000-ға жуық пәтер табысталып, 17 000 тұрғынның баспана мәселесі өз шешімін тапты. Сонымен қатар, мемлекеттік қала құрылысы кадастрын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі егжей-тегжейлі жол картасын сәйкес облыс бойынша құрылыс салынған 19 140 гектар аумақтың 16 986,44 гектарына жерасты және жерүсті коммуникацияларын түгендеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жалпы жұмыстың 88,7 пайызын құрайды,- деді Ерлан Кәрімбекұлы.