Бүгін «Республикалык балық шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері», Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы Әділбек Ізбасарұлы Әйімбетов Қызылорда облыстық ардагерлер Кеңесінің Алқа мәжілісінің қаулысы бойынша «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен марапатталды.

Әділбек Әйімбетов 1946 жылы Арал ауданы, Мергенсай ауылдық округінде дүниеге келген. Еңбек жолын Жалағаш ауданында құрылыс мекемесінде жұмысшы болып бастаған ол әр жылдарда абыройлы еңбек етіп, аудан дамуына үлес қосты. Мергенсай ауылдық округінде сегіз жылдық мектебінің мұғалімі, «Аралтұз» комбинатында лаборатория бастығы, «Қызылорда құрылыс» тресінде бөлім бастығы, Қызылорда қалалық, облыстық партия комитеттерінде нұсқаушы, «Аралтұз» комбинатының директоры, облыстық партия комитетінің төрағасы, Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Ал, 1991-2010 жылдарға дейін балық шаруашылығы саласының дамуына үлес қосты. Аралбалық өндірістік бірлестігінің бас директоры, «Қамыстыбас балық питомнигі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, «Арал Сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің атқарушы директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

Ұзақ жылдар бойы ел дамуы жолында мемлекеттік қызметте аянбай еңбек етіп, бірнеше мәрте халық қалаулысы ретінде құрметке кенелген сала ардагері бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Іскер ұйымдастырушы, жаңалық жаршысы ретінде ардагерлердің қоғамдағы ролін арттыруға сүбелі үлес қосып келе жатқан ардагер «Ерен еңбегі үшін» медалі және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен наградталған.

БӨЛІСУ