Ташкентте креативті экономика бойынша IV Дүниежүзілік конференция (WCCE) өтті. 80-нен астам елден 2000-нан аса делегат қатысқан шарада үздік халықаралық сарапшылар сөз сөйлеп, өзекті мәселе төңірегінде білімдерімен бөлісті.
«Инклюзивті креатив: өзгерген шындық» тақырыбындағы конференцияның үш күндік бағдарламасы аясында семинарлар, шеберлік сыныптары, воркшоптар, пленарлық отырыстар өтіп, креативті индустрия бойынша әлемдік жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды. Аталмыш шараға қазақстандық делегация да қатысып, шетелдік мамандардың дәрістерін тыңдады. Тәжірибе алмасып, біліктілік арттырғандар қатарында «Анаға тағзым» орталығы басшысының креативті индустрия жөніндегі орынбасары Айдана Маратқызы да бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Астана қаласында зияткерлік меншік негіздері бойынша оқыту бағдарламасы өтті. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының стандарттарына сәйкес әзірленген іс-шара мақсаты – креаторларға қолдау көрсетіп, олардың осы саладағы мүдделерін қорғау.
Оқыту бағдарламасына суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, медиа өкілдері қатысып, барлығы 150 креатор білім алды. Олардың қатарында «Анаға тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі Феруза Оңталап та бар. Шара аясында сарапшылар патенттеу, авторлық құқық, сауда белгілері, коммерциялық құпия және лицензиялау сияқты зияткерлік меншіктің негізгі бағыттары бойынша дәріс оқыды. Сонымен қатар, креаторлар Қазақстанда және шетелде зияткерлік меншікті қорғаудың басты қағидаттарымен танысты.