Өңірімізде сапалы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы арқылы облысымызға аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесі берілді. Бұл өңіріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мол септігін тигізеді.

«Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 14 түрлі жұқпалы ауруға республикалық бюджет есебінен 7468,5 мың доза ветеринариялық препарат қаралған. Облысқа бөлінген 7279,2 мың доза (97,5%) ветеринариялық препараттар аудандарға таратылды. Тиісті жұмыстар 10 айлық жоспарға сәйкес 6303,6 мың доза алдын ала егіліп, толық орындалды», – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Президент тапсырмасына сәйкес ветеринария саласын реформалауға байланысты сала мамандарының айлық жалақылары соңғы 2 жылда 40 пайызға көтерілді.
Өңірдің эпизотиялық ахуалын тұрақты ұстап тұру мен белгіленген іс-шараларды мерзімінде орындауда, облыстың әкімшілік аумағында 8 ветеринариялық станция мен 139 ветеринариялық пунктте 780 маман қызмет көрсетуде.

«Ветеринариялық іс-шараларды уақытылы ұйымдастыру үшін ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы мықты болуы қажет. Өңірімізде ветеринария саласына аса мән беріліп, жұмыстарын ілгерілету, материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында арнайы «Жол картасы» бекітілген. Облыстық бюджеттен соңғы 3 жылда 682,3 млн. теңге бөлініп, 71 арнайы автокөлік, 163 дана компьютер, 163 дана термочемоданмен қамтамасыз етілді», – деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.

БӨЛІСУ