Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжілісте су тасқыны кезеңіне дайындық барысы және ауыз суды субсидиялау мәселесі, көмір жеткізу, газ жүргізу жобалары мәселелері қаралып, атқаралуы тиіс нақты тапсырмалар берілді.

Алдымен, қыс-көктем мезгілдерінде су тасқынының алдын алу бойынша кешенді шаралар ұйымдастыру, аумақтар бойынша қауіпті учаскелерді қатаң бақылауға алып, кезекшіліктер үзіліссіз жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесін газдандыру жобасы бойынша жұмыстар толық аяқталып, осы аптада М.Шаменов ауылдық округін газға қосу жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар, жылу беру маусымында отын қорына байланысты ешқандай мәселе болмау қажеттігін жеткізді.

Мәжілістің күн тәртібінде аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан бойынша салынған құрылыс сапасына тоқталып өтті. Жалағаш ауданыда соңғы 20 жыл көлемінде 31 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде салынған құрылыс нысандарына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 11 әлеуметтік нысан бойынша ақаулар анықталды. Бұл ретте, мердігер мекемелерге кемшіліктерді қысқа мерзімде қалпына келтірту бағытында жұмыс жасау қажеттігін айтты.

Келесі мәселеде аудандағы шаруа қожалықтарының «Жалағашсушар» өндірістік учаскесіне су жеткізіп беру қызметіне қарызы туралы қозғалды. 2024 жылы орналастырылған егінді сумен қамтамасыз ету мақсатында ауданға қажетті су көлемі толық жеткізіліп, вегетациялық кезеңде тиісті су көлемі ауылшаруашылығы құрылымдарына уақытылы жіберілген. Алдағы күндері берешектігі бар шаруашылықтарға заңға сәйкес ескертпе жұмыстарын жүргізіп, қарызды жылдау өтеуді тапсырды.

Аудан әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылған тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын бақылау сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.

БӨЛІСУ