Сырдария ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» тақырыбындағы семинар-кеңесі өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, аймақтағы барлық ауданның ардагерлер кеңестерінің төрағалары, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Семинар-кеңес басында ардагерлер Тереңөзек кентіндегі құрылыс, абаттандыру жұмыстарын аралап көрді, «Парасат» алаңына барып, ақын-жазушылар, Социалистік Еңбек Ерлері мен қоғам қайраткерлерінің ескерткіш бюстіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Мұнан соң Орталық алаңда ұлттық дәстүр дәріптелген тұсаукесер рәсіміне қатысты. Аудандық мәдениет үйінің фоесінде бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстарымен танысып, қолөнер шеберлерінің туындыларын көрді. «Ұлағат» әкелер ансамблінің өнерін тамашалады.
Семинар-кеңестің пленарлық отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын интернеттегі алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қарсы күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнес саласын шектен тыс мемлекеттік бақылау, ауыл шаруашылығы статистикасын бұрмалау секілді қоғамда түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерді шешуде аға буын өкілдерінің орны ерекше екенін айтып, бірлесе жұмыс атқаруды атады.
– Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық геосаяси ахуал күрделілігі, әлемде, Қазақстанда түбегейлі өзгерістер жүріп жатқандығы, осынау алмағайып кезеңде мемлекетіміз дамудың жаңа бағдарын айқындап, сол жолмен сенімді қадам басып келе жатқанымыз жайлы атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды дұрыс үйлестіру үшін Президентіміз айтқандай, әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстан құруымыз қажет. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін мүлтіксіз орындау үшін біздер осы алған бағытымыздан таймауымыз қажет. Заң мен тәртіп үстемдік құрып, бірлігі бекем біртұтас ұлтқа айналу үшін аянбай еңбек етуіміз керек, – деді Серік Әбішұлы.
Семинар-кеңесте аудан әкімі Б.Сәрменбаев ауданда қарттарды құрметтеудің өзіндік дәстүрі қалыптасқанын атап, өңірде және ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Дана халқымызда «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген нақыл сөз бар. Қазақ халқы табиғатынан үлкенді қадір тұтып, құрмет көрсеткен. Ата дәстүріміз бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ. Сондықтан ардагерлерге құрмет көрсету – мемлекет саясатының басым міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ардагерлермен кездесуде аға буынды Ұлттық құрылтайда, Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға, атап айтқанда жастарды нашақорлық, лудомания секілді әлеуметтік кеселдерден сақтандыру, отбасы институтын дәріптеу ісіне белсенді атсалысуға шақырған болатын. Бүгінде ардагерлеріміз Президент атап өткен бағыт бойынша жастарға ақыл-кеңестерін айтып, үлгі-өнегелерін көрсетуде.
Сырдариялық ардагерлер әркез қоғамдық іс-шараларда белсенді. Ауданда 15 ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Ардагерлер ұйымы атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды. Аудандағы қоғамдық кеңестерді де ардагерлер басқарып, өзекті мәселелердің шешілуіне лайықты үлес қосуда. Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 103 жастағы батагөй ақсақал Яхия Тасыров атамыз ортамызда жүр. Ауданда 101 тыл ардагері және 4428 зейнет жасындағы қария кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде. Биыл ауданда шаруашылық құрылымдарының, кәсіпкерлердің, кәсіподақтардың демеушілігімен 140-тан аса ардагерге Шымкенттегі «Сарыағаш», «Манкент», «Денсаулық», Жамбыл облысындағы «Меркі», Қызылорда облысындағы «Жаңақорған», «Медиум» шипажайларында тегін демалуға, емделуге үлкен мүмкіндіктер жасалды. 300-ге жуық қарттарымызға Түркістан облысындағы Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, аймақтағы Оқшы ата, Қорқыт ата кесенелеріне арнайы саяхаттар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, аудан бойынша зейнеткерлерге азық-түлікпен және басқа да көмектер көрсетілуде. Ауданда әрбір мекеме мереке күндері, мерейтойлық даталарда сала ардагерлеріне тұрақты түрде құрмет көрсетіп отырады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Пленарлық отырыс барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев аудан ардагерлеріне жасалып жатқан қолдаулар туралы айтса, ауданнан келген ардагерлер жастарға тағылымды тәрбие беру, ойынқұмарлықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу, білімді ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды.
Отырыс қорытындысында облыстың дамуына атсалысып жүрген бірқатар ардагерлер «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапатталды.
Пленарлық отырыстан соң ардагерлер «Тағзым» алаңында 103 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров және тыл және еңбек ардагері Рақымжан Бәйменовпен бірге соғыста ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етті.
Іс-шара жалғасында ардагерлер жас жұбайларға бата беріп, «Еңбек даңқы» музейінде аудан тарихымен танысты. Сондай-ақ, республикаға үлгілі елді мекен Н.Ілиясов ауылына барды.