Үстіміздегі жылдың 31 қазан күні Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілген болатын.
Кеңейтілген отырыста нашақорлықтың алдын-алу бағытында облыс көлемінде атқарылатын іс-шаралар айқындалып, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиында берілген тапсырмаларды Қазалы ауданында да үйлестіру мақсатында ауданда «Нашақорлыққа қарсы бір айлық акциясы» іс-шарасы басталды.
Осының негізінде бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті. Жиынға аудан прокуроры Дарын Әбіш пен аудандағы құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдігіне қарасты барлық дербес бөлім басшылары , кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосуда аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Нашақорлыққа қарсы акция аясында есірткінің таралуымен күресіп, аудан көлемінде оны жою, есірткіге тәуелді адамдардың санын азайту, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту бағытында бірлесе жұмыс жасау керектігін жеткізді. Сондай-ақ бұл акция аудан көлемінде тек бір ай ғана емес жыл көлемінде жүргізілу қажеттігін айтты. Осыған сәйкес тиісті бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Мәжілісте аудан прокуроры Дарын Әбіш бұл бағыттағы бекітілген бірлесіп атқарылатын іс-шаралар жоспарын таныстырып, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей қоғам дертіне айналған нашақорлықпен күресудегі жұмыстарды бірлесіп, белсенділікпен атқаруға шақырды.
Жиынға қатысушыларда қоғам дертіне айналған есірткінің алдын алу бойынша көтерілген бастаманы қолдап, есірткінің заңсыз айналымын түбегейлі жою мақсатында бірлесе жұмыстар атқаратындықтарын жеткізді.