Бүгін аудандық мәдениет үйінде қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойы аясында №220 орта мектебінің ұйымдастыруымен қаламгердің әйгілі «Қан мен тер» трилогиясынан әсерлі сахналық қойылым көрсетілді.
Әдеби мұрамыздың асыл жауһарына айналған бұл туындыдағы бейнелерді сомдауда білім ұясының 10-сынып оқушылары мен ұстаздары өздерінің терең дайындықтары мен шеберліктерін танытты.
«Қан мен тер» — қазақ халқының өмірі мен күрделі тағдырын ашып көрсететін көлемді шығарма. Жазушының әр кейіпкері, олардың бір-бірімен байланысы, тағдыры, теңіз жанында тіршілік еткен қазақ халқының революция кезіндегі тұрмыс салты, өмірдің шындығы мен балықшылардың қайсарлығын ұғындырады. Осы арқылы көрермен қауым тарихымыздың күрделі кезеңдеріне көз жүгіртіп, сол уақыттың күресін тағы бір мәрте тереңінен сезінеді.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұл туындысын сахнаға алып шыққан оқушылар әр кейіпкердің болмысын шебер жеткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір оқушының рөлді терең сезініп орындағаны, сахналық қимылы мен шынайы көріністері туған жерге деген сүйіспеншілігі мен әдебиеттің тәрбиелік мәнін терең түсінгендерін айқын көрсетті.
Шараның соңында Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова сөз алып, оқушылар мен ұстаздардың еңбегіне алғысын білдірді. Ол жас буынның Әбедей тұлғаның мұрасын сахнада жаңғыртуын жоғары бағалап, мұндай іс-шаралардың ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналары да сөз сөйлеп, оқушылардың өнеріне риза болып, жазушы мұрасын құрметтеуге бағытталған бастамалардың жалғасын табатынына сенім білдірді.
Қойылым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легінің бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да ұлы жазушының шығармашылығын дәріптейтін түрлі мәдени және әдеби шаралар жалғасатын болады.