Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан тұрғындарын кезектілік тәртібімен жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар аудан әкіміне ұсыныс-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Қабылдауға жазылған азаматтардың басым көпшілігі үй және жер кезегіне қатысты мәселелерін айтса, енді бірі тұрақты жұмысқа орналыстыру жөнінде талаптарын жеткізді.
Аудан басшысы келушілердің мәселелеріне жеке дара тоқталды. Алдымен тұрақты жұмыс сұрап келген азаматтарға кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерден түскен сұраныс бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Тұрғындардың өтінішіне сай мамандығына сәйкес және қоғамдық жұмысқа орналасу бойынша жауапты бөлім басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Ал тұрғын үй қажеттілігімен келген адамдарға өңірдегі тұрғындарды баспанамен қамту әр санат бойынша жүргізілетіндігін түсіндірді.
Ал, зерттеуді қажет ететін мәселелер мамандардың жіті назарында болады. Себеп-салдары зерттеліп, шешімі заң талаптары шеңберінде қарастырылады.
Айта кетейік, тұрғындар аудан әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.