Облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың төрағалығымен 9 айдың қорытындысы бойынша жедел мәжіліс өткізілді.

Жиында Қызылорда облысының прокуратурасымен атқарылған жұмыстар талқыланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Есепті мерзімде прокурорлық қадағалау актілерімен 364 мың адамның құқықтары қорғалып, мемлекет бюджетіне 1,2 млрд теңге өндірілді. 3 мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалса, 27 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектілеріне қатысты заңсыз тексеру шығарғаны анықталды.

Прокуратураның сүйемелдеуімен аймақтағы 740 млрд. теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба бойынша кедергілер жойылды.

Ағымдағы жылы тарифтерді түсіруге ерекше назар аударылды. Нәтижесінде Арал, Қазалы, Жалағаш және Сырдария аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтардың тариф бағасы 30 теңгеге, ал ауыз суға бекітілген тариф 23 теңге төмендетіліп, негізсіз төлемдер алынып тасталды.

Жүргізілген профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде облыс аумағында криминогендік ахуал тұрақтанып, қылмыстық жағдай төмендеді.

Мәжіліс қорытындысымен облыс прокуроры құрылым басшыларына, қала және аудан прокурорларына заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.

БӨЛІСУ