Қазалы ауданында ұлттық мереке – Республика күніне орай салтанатты шара өтті. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде сахна төріне шығарылып, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды.

Мұнан соң сахна төрінде аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, барша қазалылықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», – деген болатын.
Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында тапжылмай жылжуға мүмкіндік беретін маңызды жетістіктерге жетті. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бұл жолда қол жеткізген үлкен жетістіктердің барлығында да Сыр елінің, оның ішінде қасиетті Қазалы ауданының қосқан үлесі зор деп білемін.
Баршаңызды егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын! Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді аудан әкімі.

Салтанатты шарада ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қазалылықтар марапат төрінен көрінді.

Алдымен, аудандық көп бейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақытгүл Әлішева, аудандық аурухананың физиотерапевт дәрігері Зима Жұматай және аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сыдықовқа Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай-ақ медицина саласының ардагері Орақ Кеубасов пен білім саласының ардагерлері Рахат Наурызбайқызы мен Қуантқан Зейнелұлына «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Мұнан кейін мерекеге орай бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Айта кетейік, мерекелік шара барысында мемлекеттік қызметке орналасқан жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады.

Егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште аудан өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ