Бүгін аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлының төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары және ата-аналар қатысты.
Күн тәртібінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау шаралары талқыланды. Әсіресе, тәртіп бұзуға бейім жасөспірімдердің жағдайы мен олардың проблемаларына ерекше назар аударылды. Отырыс барысында бірқатар нақты жағдайлар қаралып, әр оқиға бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Комиссия төрағасы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтіп, тиісті сала басшыларына құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс жасап мектептерде тәрбие жұмыстарын жетілдіруді тапсырды.
Отырыс қорытындысы бойынша, тиісті мекемелер мен ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.