Қазақ хандығы кезеңінде қасиетті Сыр бойында халықтың басын біріктіріп, бір мақсат жолына жұмылдыра білген тарихи тұлғаның бірі де бірегейі – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы.

Бүгін Қазалы ауданында Сыр топырағынан нәр алған даңқты қолбасшының 250 жылдық мерейтойына орай «Елі үшін туған ер Жанқожа» атты театрландырылған қойылым қойылып, мерейтойға жиналған барша жұртшылық батырдың рухына тағзым етті.

Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр кешенінде өткен мерейтойлық шара аудан өнерпаздарының театрландырылған қойылымымен басталып, баба ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі етілді.

Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз сөйлеп, қазақ халқын білектің күшімен, қылыштың жүзімен жау қолынан қорғаған батырды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы екендігін айтты. Сондай-ақ батырдың туған жері Қазалы ауданында кешелі бері мерейтой аясында өтіп жатқан мәдени-көпшілік шаралардың маңызына тоқталып, ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барлығы баба мерейтойымен сабақтасып жатқандығын жеткізді.

Танымдық шарада Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов құттықтау сөз сөйлеп, батыр бабаның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге барша Қазалы жұртшылығы мен басқа облыс, аудандардағы жерлестеріміз халықтық іске жұдырықтай жұмыла білгенін айтып, ризашылығын жеткізді.

Рухани шара аудан өнерпаздарының орындауындағы «Қазалы вальсі» әнімен қорытындылады.

БӨЛІСУ