Аудан орталығында халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығына және «Алтын күз-2024» мерекесіне арналған салтанатты шара өті.

«Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионда өткен мерекелік кешке Қазалы ауданынан жыраққа кеткен жерлестеріміз бен барша аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының Сыр топырағынан нәр алған даңқты қолбасшы, XIX ғасырдағы ең ірі ұлт азаттығы қозғалысының қаһарман көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының бейнелейтін тарихи-танымдық көрініспен бастау алды.

Салтанатты шараны мерейтойға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев құттықтау сөз сөйлеп ашып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың халық батырының 250 жылдығына және «Алтын дән-2024» мерекесіне жолдаған құттықтауын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетке табыстады. Сонымен қатар ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасын» «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің директоры Абзал Сәрсеновті марапаттады.

Мұнан соң аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, аудан тұрғындарын халық батырының мерейлі мерейтойымен және «Алтын дән-2024» мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ жыл басынан бері аудан халқының игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жиналған жұртшылықты қос бірдей мерекемен құттықтады.

Мерекелік құттықтаулар табысталғаннан кейін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан Тлеубаев Алмас Әбдраманұлына «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сондай-ақ «Алтын дән – 2024» салтанатты шарасы аясында ауыл шаруашылық саласының озаттарын облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мерекелік шара әрі қарай Төреғали Төреәлі, Айбек Қайбулла, Ринат Шамшырақ сынды эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт пен от шашуға ұласып, аудан өнерпаздары жиылған көпшілікке ән мен биден шашу шашып, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ