Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов мектептердегі ыстық тамақты ұйымдастыратын кәсіпкерлермен және мектеп басшыларымен арнайы мәжіліс өткізді.

Айта кету керек, тамыз айында осы тақырыпта арнайы мәжіліс өткізіліп, жаңа оқу жылының басында мектептердегі тамақтанудың сапасына зерделеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған болатын.

Қазіргі таңда, аймақтағы 297 мектептің 290 мектебінде ыстық тамақ, 7-інде буфеттік құрғақ тамақ ұйымдастырылған. Облыс бойынша 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасылардын шыққан барлығы 89572 бала тамақтандырумен қамтылған.

Биыл облыс әкімінің бастамасымен аймақтағы мектептерде ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша конкурс облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен өткізілді. Мұндағы мақсат – білім беру ұйымдарының басшысы мен кәсіпкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою.

Күн тәртібінде тамақтанудың сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық тобымен жүргізілген зерделеу нәтижесін облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова баяндады. Қыркүйек-қазан айларында ведомствоаралық сараптамалық топ 284 мектепке зерделеу жүргізген. Облыстық сараптамалық топ 15 мектеп, қалалық, аудандық сараптамалық топ 269 білім беру ұйымдарын зерделеген. Нәтижесімен мектептердегі бракераждық комиссиялардың жұмысын күшейтуге ұсыныс берілді.

Келесі күн тәртібі бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев аймақ мектептерінде тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлердің асханаларға рұқсат құжаттар алу барысы жағдайын баяндады. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны мерзімінде алмаған өнім берушілерге қатаң ескертіліп, талапқа сәйкестендіру қажеттілігі айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары мектеп асханаларында жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктерге тоқталып, оқушыларды сапалы әрі құнарлы тамақтандырудың маңыздылығын, санитарлық талаптардың қатаң сақталуын ескертті.
Мәжіліс соңында қызмет көрсетуші кәсіпкерлерге кемшіліктерді қысқа мерзімде жою тапсырылып, заңбұзушылықтар қайталанған жағдайда қызмет көрсету шарттары біржақты бұзылатындығы ескертілді.

Келесі, қараша айында осы мәселе бойынша өтетін жиында ұсыныстардың орындалуы мен кемшіліктердің жойылуы талқыланады.

БӨЛІСУ