Бүгін Достық үйінде “Жастар – қоғамның қозғаушы күші” тақырыбында Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Кеңеске облыстық медиаторлар кеңесінің мүшелері, құқық қорғау саласының, білім беру ұйымдарының мамандары, жоғарғы және арнаулы оқу орындарының студент жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Модератор, облыстық медиация кеңесінің төрағасы Ләззат Бақтыбаева өңірдегі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын-алу бағытын қозғады. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр.Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екендігін алға тартты.
Осы ретте Қызылорда облысы Полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы, полиция майоры Раушан Абдразақова жастардың арасында қылмыстық құқық бұзушылық, тонау, зорлық-зомбылық, бір-біріне қоқан лоқы көрсету фактілер жиі кездесетінін атап өтті.
-Мәселен, Сырдария, Жаңақорған, Арал аудандары мен Белкөл кентінде адамға қасақана зиян келтіру, бопсалау фактілерінің кесірінен жасөспірімдер өліміне әкеліп соқты. Сонымен бірге әлеуметтік желілер арқылы бопсалау, алдын ала сөз байласу және қинау фактілері салдарынан 5 жасөспірімнің үстінен 11 қылмыстық іс қозғалып, Қызылорда қаласындағы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында жатыр. Әлеуметтік желі арқылы танысу, белгісіз адаммен кездесу жас қыздарға үлкен қауіп төндіруде. Жастар арасында вандализм, құмар ойындарға қызығушылық тым көбейіп барады. Осы ретте қылмыстық әкімшілік жауапкершілік жақсылыққа апармайтынын ескертемін, – дей келе, вандализм және қылмыстық әрекеттерге барған жастар туралы бейнероликтерді қатысушылардың назарына ұсынды.
Осы орайда модератор, облыстық медиация кеңесінің төрағасы Ләззат Шайзадақызы ертеңгі күні өздерін армандаған мемлекеттік қызмет болсын, құқық қорғау саласындағы жұмыс болсын, қандай да бір құқық бұзушылық іс-әрекетке байланысты әкімшілік хаттама толтырылған болса, таңдаған лауазымға баруға үлкен кедергі болуы ықтимал. Өздеріңіз көріп отырғандай, Алматы облысы Талғар ауданындағы қылмыстық әрекеттің орын алып жатқандығын көре тұра, оған араша түсіп, ол туралы құқық қорғау органдарына хабарламағаны, Шерзаттың өліміне бейжай қараған үшін ҚР ІІМ 3 адамның 6 жылға бас бостандығынан айыру мүмкін деген мәселені талқыға салды. Егерде біреуге әлімжеттік немесе жақын жандарыңызды бопсалау фактілерін естіген, көрген болсаңыздар құқық қорғау органдарына хабарлағандарыңыз абзал және бұл анонимді түрде өтеді деді.
Келелі жиынның кезекті спикері облыстық қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеология жөнінде орынбасары, подполковник Алмат Жакипов жастар бойындағы тәрбие, жігерлі сана алдымен отбасынан басталады. Бүгінгі қоғамды дамыту үшін әрқайсымыз сана мен жігерді шыңдауымыз керектігін өмір көрсетіп отыр. Сол себепті мейірімді, қамқор ортаны қалыптастыру әрбір жастың өз қолында деді.
Жиын барысында студенттерді толғандыратын сұрақтарға жауап беріліп, заң аясында жастар құқық бұзушылық жасағанда қандай жауапкершілік қарастырылған, медиативтік келісім шарт жасау жолдары және қандай тәртіп бойынша өтеуі бар екендігі туралы толық ақпарат берілді.

БӨЛІСУ