Ағымдағы жылдың 17 қазан күні Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен тұрақты карантиндік фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекция мамандары, «Фитосанитария» ШЖҚ РМК және Қызылорда облыстық карантиндік зертхана мамандарымен бірлесіп, Қызылорда қаласының аумағында орналасқан қызметі карантинге жатқызылған өнімді өндіруге, дайындауға, қайта өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге байланысты аумақтар мен қоймаларға тексеріп қарау жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс барысында күріш ақтау зауыттары мен күріш өнiмдері сақталатын қоймаларды жүйелi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ карантинге жатқызылған қолда бар өнiмдi тексеру және сараптамадан өткiзу үшiн ұсыну керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жаңа жиналған биылғы өнімдерден сынамалар алынды.

Биыл Сыр диқандары 189 400 гектар жерге егін екті, оның ішінде 85 600 гектар күріштен 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық Сыр маржанын жинады. Күріштен басқа да дәнді дақылдардан 18,5 мың тонна, майлы дақылдардан 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдардан 327 мың тонна өнім қамбаға құйылды.

Қызылорда облыстық аумақтық инспекция қызметінің негізгі басты басым бағыттары фитосанитариялық ахуалдың қалыпты болуын бақылау мен қадағалау және Ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі болып табылатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

БӨЛІСУ