Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрмұхамед Бохаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылу қорытындылары төңірегіндегі мәселелер күн тәртібінде қаралды.

Өткен жылмен салыстырғанда есепті мерзімдегі көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасқан. Себебі, негізгі көрсеткіштерде айма-ай өсім қалыптасып келеді.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы өткен аптада облыс орталығында өткен «Алтын күз – 2024» мерекелік шарасында Арал ауданы «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясына ие болғанын атап өтіп, осындай көрсеткішке жетуге атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдірді.

Дегенмен жетістікке марқайып, босаңсуға болмайды. Айрықша жауапкершілік жүктейтін әр күннің ерекшелігі бар. Осыны алға тартқан Нұрмұхамед Омарұлы аудандағы экономикалық өсімді жыл бойы сақтауда жауаптыларды сенім үдесінен шығуға шақырды.

Сонымен қатар өткен аптада облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте коммуналдық меншіктегі бос тұрған ғимараттарды қысқа мерзімі ішінде бейімдеу немесе жою туралы жұмыстардың жайына қанықты. Бұл мәселеге қатысты нақты шешім алдағы бір аптаның төңірегінде шешілуі керектігін айтып, жауапты азаматтарға бірқатар міндеттер жүктеді.

Күні кешеден бастап ауданда жылу беру маусымы басталғаны белгілі. Осы маусымының кедергісіз өтуі аса маңызды жауапкершілік екенін алға тартқан аудан әкімінің орынбасары жауаптыларға жылу беру маусымын сапалы ұйымдастыру бойынша тиісті тапсырмалар берді. Әсіресе жылы күздің басында ауданға қарасты ауылдарға қатты отын қорының жеткілікті мөлшерде үлестірілуі керектігін атап өтті.

Жиын соңында мерзімді әскерге шақыру мәселесіне де тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары кейбір межелерге сәйкес әскерге барушы азаматтардың әлі де жеткілікті емес екенін айтып, бұл бойынша жұмыстарды жоспарға сай жүргізіуді тапсырды.

БӨЛІСУ