Бүгінгі аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен жиын өтіп, жылу беру маусымының басталуы мен оған дайындық мәселесі тағы бір мәрте пысықталды.

«Қыс қыр астында. Тіпті осы аптаның аяғына қарай ауа температурасы күрт төмендейді деген болжам бар». Осылай деген аудан әкімі А.Оңғарбаев ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет, спорт салалары бойынша әлеуметтік нысандардың жылу беруге дайындығы сақадай сай болуы қажет екендігін атап өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша бірқатар жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді.

Мемлекеттік орман қорын ұлғайту шаралары да бүгінгі жиында сөз болды. Аңқасы кепкен аралдың қу медиен даласын ормандандыру арқылы құм көшкініне тосқауыл қою бағытында күні бүгінге дейін 557 мың гектар жерге тиісті жұмыстар жүргізілген. Межеге жету үшін әлі де жұмыс жүргізу қажет. Алдағы уақытта халықаралық қаржы институттары теңіздің құрғаған ұлтанын ормандандыруға көп көңіл бөледі деген үміт те жоқ емес. Осы мәселені назарға алған аудан әкімі А.Оңғарбаев жауаптыларға мәселені қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

Аудан басшысы саяси маңызды науқанға белсене қатысқан барша аудан жұртшылығына, жерлестерге, учаскелік референдум комиссияларына және мүшелеріне, өзге де жауапты салалардың азаматтарына шынайы алғысын жеткізді.

Жиын соңында алда өтетін маңызды шараларды атаған аудан әкімі Қызылорда қаласында «Алтын дән – 2024» мерекесіне ауданнан баратын өнімдерді жылдағы дәстүрге сай нақтылап, жәрмеңкенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысу керектігін атап өтті.

Тағы бір жауапты шара, классик жазушы, Аралдың төл перзенті Ә.Нұрпейісовтың 100 жылдық мерейтойы аясында өткізілетін түрлі шараларға дайындықты қазірден бастау керек. Осы мерейтой аясында өзге де мәселелер назардан тыс қалмай, барлығы жоғары деңгейде өтуі керектігін.

БӨЛІСУ