Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу болып табылады.
Осы мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесті.
Кездесу мақсаты – білім алушыларға құқық бұзушылықтың мәнін түсіндіру, құқық бұзушылықтың түрлерімен таныстыру арқылы заң сыйлағыш тұлғаны қалыптастыру, тәртіптік, азаматтық-құқықтық, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық негіздерінен қазіргі заман тұлғасына ең қажеттерін іріктеп ала білуге үйрету.
Шараға Қызылорда облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ерімбетов Берікбол, полиция капитаны Асанхан Сабыржан және Қызылорда қалалық ПБ Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Қасымов Еркебұлан, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Елеусинова Раушан, колледждің учаскелік полиция инспекторы Романов Батырбек және топ жетекшілері мен білім алушылар қатысты.
Кездесу барысында директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Елеусинова Раушан құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасында топтық төбелеске және құқық бұзушылыққа жол бермеу, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді және қылмыс істегені үшін жауапкершіліктің түрлері түсіндірілді.
Сонымен қатар, департаменттің Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан кәмелетке толмаған балалар арасында қоғамдық орындарда суық қаруларды және көзді жасаурататын бұрыш спрейлерін ұстап жүрудің қаншалықты заңсыз екендігін түсіндірді.
Жиында учаскелік полиция инспекторы Романов Батырбек жастарға құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау, кәмелет жасқа толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы күрес бағытындағы жаңа жүктемелерді таныстырып өтті.
Студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оларға полиция қызметкерлері толыққанды жауаптар берді.
2024-10-05