Тіл, сөз дегеніміз – ата-бабамыздан келе жатқан мәдени мұра. Бұл- дипломатиялық құрал, халықтың сана-парасатын, биіктігі мен тереңдігін паш ететін үлкен өнері. «Адамға екі нәрсе тірек тегі. Бірі тіл, бірі-ділің жүректегі» –деп Жүсіп Баласағұн айтқандай кез келген мемлекеттің, елдің ең негізі рәмізі де, ұраны да , ерекшелігі де сол елдің ана тілі болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»,- деп атап өткендей Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккен 30 жылдан астам уақыт ішінде елімізде мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Осы ретте, бүгін Қызылорда облысының Полиция департаментінде мемлекеттік тілдің ұлттық бірлік пен Тәуелсіздіктің символы ретіндегі маңызын күшейту, оның қоғамдағы біріктірушілік рөлін кеңінен насихаттау және тілдерді дамытуға үлес қосқан тәртіп сақшылары марапатталды.
Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы өзге этнос өкілдері Угай Борис Рудольфович, Соболев Виталий Алексеевич, Тен Альфараби Александрович, Петров Афанасий Игоревич және Арифов Азиз Милияровичті марапаттады.
«Тіл ұлтымыздың- ұлы қазынасы, халқымыздың рухани қуатының негізі. Қазақ тілі, қазақ ұлты бәсекеге қабілетті болсын десек, біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз ол мемлекеттік тілді білу.
«Тілге құрмет – елге құрмет, тіл тағдыры – ел тағдыры», деп бекер айтылмаған. Қызықты да қиын салада тіл мәртебесін дәріптеуге, жастардың сауатты сөйлеуіне, тіл қадірін түсінуге бір кісідей үлес қосып жүрген қызметкерлеріміз міне бүгін марапат төрінен көрініп отыр. Бұл еңбектің еленгені һәм үлкен жауапкершіліктің жүктелгені. Осы орайда тілдің мәртебесін биіктету әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті» деді О.Омаров.
Сыр өңірінде халықтың қауіпсіздігі мен бостандығын қорғауды басты мақсат еткен Қызылорда облысының Полиция департаментінде 11 өзге ұлт өкілі қызмет етеді. Ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соғатын олар қазақ жерін, қазақ халқының тыныштығын сақтауда от пен суға түсіп, кіндік қаны тамған Отанының алдында перзенттік парыздарын өтеп келеді.

БӨЛІСУ