Бүгін З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Еңбек күні мерекесіне орай «Маңдай тердің мерейі» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік кеш алдымен ауданымыздағы еңбек адамдарының өмірлік көріністері жайлы бейнематриалдан бастау алды.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
– Сіздерді Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбек – адамның өміріне мағына беріп, болашақ ұрпаққа жол сілтейтін қасиетті ұғым. Еңбектің арқасында ғана қоғам өсіп-өркендеп, мәдениет пен руханият гүлдене түседі. Сол еңбектің бүгінгі екпіндісі де, салаға дем берген табанды қызметшісі де Өздеріңіз. Баршаңызға зор денсаулық, еңбекте жаңа табыстар және амандық тілеймін! Әрқашан табысты қызметтің тізгіншісі ретінде қоғам мен құрылымның құрметіне бөленіп жүре бергейсіздер, – деді Н.Бохаев.
Шара барысында мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып жүрген нағыз еңбекқор азаматтарымыз «Еңбек күні» мерекесіне орай облыс әкімінің Алғысымен және аудан әкімінің Алғысымен марапатталып, құрмет төрінен көрінді. Олардың арасында түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген білікті мамандар бар.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, жиналған көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.