Облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Өткізілген жиынға Кеңес мүшелері, облыс әкімінің орынбасары, құқық қорғау және уәкілетті органдардың басшылары қатысты.
Облыс прокуроры өңірімізде жол-көлік оқиғасының 371-ден 494-ке немесе 40,7 пайызға өсім алғанын, салдарынан 80 адам қаза тауып, 628 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алғанын жеткізді. Олардың арасында жасөспірімдердің де саны аз емес екенін, яғни қайтыс болғандар 9-дан 12-ге, жарақат алғандар 106-дан 169-ға өсім алғандығы дабыл қағарлық жағдай екеніне тоқталды.
Кеңестің қорытындысымен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша жауапты сала басшыларына автокөлік жолдарының, жол белгілері мен бағдаршамдардың, жасанды жол кедергілерінің жағдайына мүдделі органдармен бірлесіп түгендеу жұмыстарын жүргізуді және қауіпті аймақтарды анықтап, онда жылдамдық өлшеуіш құралдарын орнатуға шаралар қабылдау тапсырылды.