«Қала күні» мерекесі аясында «Кітап қала – 2024» кітап жәрмеңкесі өтті. Қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен оқырманға бірыңғай алаң ұсыну мақсатын мұраттаған жәрмеңке “Қаламгерлер аллеясына” жиылған жұртшылыққа ғажайып әсер сыйлады.
Қала әкімі Нұржан Ахатов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов және қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев алдымен Ы.Жахаев көшесінің бойына жағалай орналасқан кітап көрмесін тамашалады.
Көрмені аралау барысында қала әкімі Нұржан Сәбитұлы жергілікті кітапханалар қорын молайту бағытында жан-жақты қолдау жалғаса беретіндігін жеткізді.
Кітап мерекесі театрландырылған қойылыммен, концерттік бағдарламамен жалғасып, шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы және сенатор Руслан Рүстемұлы қала тұрғындары мен барша кітапсүйер оқырманды шаһардың төл мерекесімен құттықтады.
«Бүгінгі күні қаламызда 21 кітапхана желісі болса, онда 650 мыңға жуық кітап қоры сақталған. Шаһар тұрғындары үшін кітапханалардың есігі әрқашан ашық. Сондықтан да жастарымыздың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, рухани құндылықтарымызды сақтай отырып келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың борышымыз” деген қала әкімі кітап көрмесіне қазақ және әлем әдебиетінің байлықтарын ала келіп, мереке көрігін қыздырған, елімізде кітап оқу насихатын жоғары деңгейде жүргізіп жүрген барша кітапханашыларға алғысын білдірді.
Шара барысында қаламыздың үздік оқырмандары мен бірқатар кітапханашылар қала әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Елімізге оқитын және білімді жастар қажет. Сондықтан мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды. Кітап оқитын адам сана көкжиегін кеңейтеді, логикасын, ойлауын дамытады, есте сақтау қабілетін жақсартады. Осы ретте, кітап жәрмеңкесі көптеген адамдарды біріктіріп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол аша бермек.
Айта кету керек, іс-шара аясында қала мектептерінің оқушылары арасында шахмат пен тоғызқұмалақтан сайыстар өтті. Сайыстың жеңімпаздарына мадақтамалар мен медальдар табысталды.