Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында Қызылорда облысы әкімдігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына және Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция  ұйымдастырылды. Конференцияның мақсаты – ұлт руханияты мен мәдениетінің шаңырағы болған одақтың қызметімен жеткен жетістігін насихаттау.

Конференцияны Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қазбекова Мира Жомартқызы ашып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Құлкенов Мереке Әбдешұлы, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Халбеков Арман Бейсенбайұлы,Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызына, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Құлкенов Мереке Әбдешұлына Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының арнайы алғыс хаттары табысталды.

Шара аясында Қазақстан Жазушылар одағының Кызылорда облысындағы өкілі Есімсейітова Қаршыға Құрмашқызы «Сыр елінде қазақ әдебиетінің бастау алуы» тақырыбында сөз сөйледі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері, эколог-жазушы Жұбатырұлы Сайлаубай,Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, драматург Дулат Исабеков және жазушы, драматург Балғабаев Сұлтанәлі Базарбайұлы халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы жайында естеліктерімен бөлісті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорына Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Сыр өңірі ақын-жазушыларының кітаптарын сыйға тартты.

Конференция қатысушылары «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихи кезеңдерін қамтитын және Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап және архив құжаттарының көрмесімен, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан ұйымдастырылған «Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл» және қазақстандық фотожурналистиканың негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың архивтік қорынан алынған фотокөрмелермен танысты.

Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған рухани-мәдени шаралар өңірімізде де, туған жерінде де өткізіледі.

БӨЛІСУ