Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам» тұжырымдамасы негізінде аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Н.Ілиясов ауылында өнер фестивалі өтті.
Мәдени ауқымды іс-шараға «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен мәдениет саласының майталмандары, жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Фестиваль барысында меймандар «Еңбек» аллеясында ауыл тарихымен танысып, шаруалардың жұмысына қанықты. Сонымен қатар «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасы бойынша жасалған түрлі бағыттағы жобалар көпшіліктің көңілінен шықты.
Концерттік бағдарламада аудан әкімі өңірдегі өнер саласын дамытудағы ауқымды жұмыстарға тоқталды..
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті ел тұрғындарының рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деп атап өтті. Сондықтан елдің мәдениеті өркендеп дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы асқақ болады. Сыр өңірі – ұлт мәдениетінің ұлы көшін жасаған өлке. Өнер мен мәдениеттің Отаны саналатын Сыр бойында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен айшықты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аймақ басшысының бастамасымен Сыр өңірінде биыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Аталған жыл аясында клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылуда. Өңіріміздегі барлық ауданда «Руханият» орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, неке қию залы, музей, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі және тәулік бойына жұмыс істейтін кітапханасы бар «Руханият» орталығы Тереңөзек кентінде бой көтеруде. Бүгінде аудан аумағында 8 мәдениет үйі, 8 клуб, 1 мұражай және 17 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде.
Ауыл мәдениетін дамыту және тұрғындардың көңіл-күйін көтеру мақсатында «Мәдениет – өркениет мәйегі» тақырыбында фестиваль ұйымдастырыла бастады. Мұндағы мақсат – аудандағы мәдениет мекемелері мен кітапханалардың бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерін насихаттау, үздіктерді анықтау және оларды ынталандыру, қызметкерлердің кәсіби беделін арттыру. Бүгінгі фестиваль аясында Н.Ілиясов ауылының «Ақ әжелер» ансамблін биылғы 15 жылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын! ؘ– деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелерін «Алғыс хатпен» марапаттады. Мән-мағынасы зор кеште ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған үйірме мүшелері өнер көрсетті. Халық әндері шырқалып, домбыра шанағынан күй төгілді.
«Ақ әжелер» ансамблі 15 жыл ішінде аудан мәдениетінің дамуына үлес қосып келеді. Ансамбль мүшелері ұстаз, дәрігер, есепші еңбек ардагерлерінен құралса да бір ұжымға топтасып, халыққа өнерімен танылған. Республикалық, облыстық байқауларда аудан мерейін үстем етіп жүр. Атап айтқанда, жуырда ғана Алматы қаласына арнайы барып, «Кел, шырқайық» телевизиялық байқауынан жүлделі І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Түркістан қаласында өткен «Шуақты шақ» тақырыбындағы республикалық ән байқауында өнерлі әжелеріміз биіктен көрінді.