Сырдария ауданындағы жұмыс сапарында Мәжілістегі депутаттық фракция мүшесі алдымен партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстары сонымен қатар, ағымдағы жылы әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін сатып алынатын тұрғын үйлер құрылысымен танысты. Қазіргі таңда барлық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталды. 1 пәтердің жалпы алаңы – 82,5 шаршы метр. Бір пәтер құны – 14,8 млн. теңгені құрайды. Барлық пәтер саны – 100 пәтер.

Мұнан соң Тереңөзек кентіндегі «Бата» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің өндірісімен танысты. Аталмыш кооператив 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 25,0 млн.теңге несие алған. Кәсіпкер құм блогын өндіретін станок сатып алып, өндірісін кеңейткен. Қазіргі уақытта 10 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Шағын өндірістік зауыт күніне 2500 дана құм блогын шығарып, облыс тұрғындарына ұсынуда.

Шағын зауыт жұмысын көрген халық қалаулысы өндірістің дамуы ел экономикасының артуына себеп болатынын атап өтіп, кәсібіне табыс тіледі.

Фракция мүшесі Сырдария өзенінің ағынын реттеуге, Сырдария және Жалағаш аудандарының 16 мың гектар суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында салынған «Әйтек» су торабының да жағдайын көрді.

Сырдария өзеніндегі «Әйтек» су торабы 2004 жылы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы (САРАТС-1) аясында салынып, пайдалануға берілген болатын. Су торабының су өткізу қабілеті 750 м3/с құрайды. Бүгінде Шардара су қоймасынан Сырдария арнасына 650,0 текше метр су жіберілуде, оның 185,0 текше метр суы «Қызылорда су торабы» арқылы, 105,0 текше метрі «Әйтек» су торабы арқылы және «Қараөзек» арнасы арқылы 25,0 текше метр су жіберілуде.

Халық қалаулысымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев, партияның аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып бірге жүріп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

БӨЛІСУ