Биыл 10 мың лагерьде 3 млн-ға жуық баланы сауықтыру жұмыстары жоспарланып отыр.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқушылардың денсаулығы және балалардың жазғы лагерлеріндегі сауықтыру шаралары мен санитариялық-эпидемиологиялық талаптар жөнінде баяндады.

Министрдің сөзінше, бүгінде Қазақстан халқының 19% және еліміздегі барлық баланың 57%-дан астамы мектеп жасындағы балалар. Балалардың денсаулығы, оларға уақытылы, қолжетімді медициналық көмекті ұйымдастыру – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Оқу жылы аяқталуға жақын екенін ескере отырып, келер оқу жылына дейін балалардың сауықтыру шараларын сапалы жүргізу маңыздылығын атап өткен жөн.

Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Әрбір мектеп сол аумаққа қызмет көрсететін емханаға бекітілген. Мектептерді мейіргерлермен қамту көрсеткіші 90%-ды құрайды.
«Жыл сайын емханалар 17 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруден өткізеді. Былтырғы жылы 5,5 млн-ға жуық мектеп жасындағы бала профилактикалық тексеруден өтіп, олардың 9,3%-ында (515 мың) түрлі аурушаңдық белгісі анықталып, 210 мыңы диспансерлік есепке алынды», — деді денсаулық сақтау министрі А. Әлназарова.

Айта кетейік, еліміздегі балалар балабақшаға қабылданарда, мектеп табалдырығын аттар кезде және бала физиологиялық өзгерістерге ұшырайтын 14-15 және 16-17 жастағы жасөспірім кезінде профилактикалық тексеруден өтеді. Қазіргі сәтте анықталып отырғандай балалар арасында кезігетін аурулардың ішінде асқорыту жүйесінің аурулары (9,7%), жүйке жүйесі аурулары (9,1%) және көз аурулары (8,3%) алдыңғы орында тұр.

Осыған байланысты алдағы маусымда ашылатын 10 мың лагерьде 3 млн-ға жуық баланы сауықтыру жоспарлануда.
«Сауықтыру жұмыстары толыққанды және сапалы жүргізілу үшін лагерь мерзімі басталмай тұрып саяжай лагерлері санэпид талаптарға сәйкестігін растайтын анықтама алулары қажет. Өткен жылғы тәжірибеге сүйенсек, лагерьді ашуға рұқсат алу жұмыстарын уақытылы жүргізу қажеттілігі айқындалады. Мәселен, 2023 жылы рұқсат алуға берілген өтініштердің 10%-ы (21) кемшіліктердің анықталуына байланысты қабылданбады», — деді министр.

Бұдан басқа, сауықтыру ұйымдарының қызметін бақылау барысында заңда белгіленген талаптардың бұзылғаны, оның ішінде 16 лагерь рұқсат құжатынсыз жұмыс істегені анықталған.

Сол себепті министрлік биылғы маусымға дайындық жұмыстары барысында қала сыртындағы лагерь иелерімен санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу бойынша іс-шаралар аясында консультациялық көмек көрсетуге әр лагерьге нақты мамандар бекітті. Министрдің айтуынша, бүгінде жоспарланған 182 лагерьдің 163-не консультация беріліп, 45 маусымдық лагерьге (Ақмола облысы – 9, Жетісу облысы – 5, Қостанай облысы – 6, Қызылорда облысы – 8, Павлодар облысы – 7, СҚО – 10) мониторинг жүргізілген.

Одан бөлек, жазғы сауықтыру ұйымдарының басшылығымен бірлесіп 100-ден астам оқыту семинары өткізіліп, сауықтыру ұйымдарына қойылатын талаптарды түсіндіру бойынша 83 материал жарияланды.
«Жазғы сауықтыру ұйымдарының жұмысына шағым болған жағдайда ауызша немесе жазбаша шағыммен жүгінуге болатындай етіп санэпидбақылау комитеті жанынан жедел желі ұйымдастырылды. Жоғарыда аталып өткен мәселенің маңыздылығын ескере отырып, өңірлерде маусым басталғанға дейін ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, аумақты тазалап әрі абаттандырып, қызметкерлерді оқыту керек. Балалар демалысқа келгенге дейін санэпид қорытынды алуды қамтамасыз етуі қажет», — деді А. Әлназарова.

Жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру кезінде ата-аналардың лагерь таңдаудағы әрекеттері де маңызды. Министр Ақмарал Әлназарова ата-аналарға министрліктің сайтында, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің сайттарында орналастырылған, қорытынды алған қала сыртындағы лагерьлер туралы ақпаратты алуға кеңес берді. Белгіленген талаптарды сақтау – алдағы маусымда балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ