Жалағаш ауданы бойынша 2024 жылы 500 гектарға жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жоспарлануда.

Бүгін дархан даланың берекесін молайтқан диханшы қауымның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жаңадария ауылдық округіне барды.

Өзіндік ерекшелігі мен сұранысқа ие өнімдерін жұртшылыққа жыл сайын ұсынып отырған егінші қауымның көктемгі дайындығы жылдағыдан қарқынды. Несібесін жер ананың кең даласынан тапқан ауыл тұрғындарының басым көбі ерте көктемнен дән сеуіп, бүгінде қарбыз, қауын өнімдерін жапырақ жайқалтып шығарған.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов адал еңбекті жанына серік еткен еңбеккерлермен кездесіп, егін маусымында мол өнім алу үшін барынша қолдау көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ жаңадан дайындалған тың жерге тұқым тастап, талаптанған дихандарға сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда Жалағаш ауданы бойынша жоспарланған 500 га жердің 215 га жерлері дайындалып, 32 га картоп, бақша дақылдары орналастырылған.

БӨЛІСУ