Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудан орталығындағы бірқатар білім беру ордалары мен әлеуметтік нысандарда болып, жұмысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен Ж. Әбдірашев атындағы № 62 мектеп-лицейіне барып, ғимарат жағдайымен мұқият танысты. Нысандағы спорт зал, асхана және сынып бөлмелерін аралап, педагог қызметкерлермен біліктілік санаттарын арттыру шаралары жөнінде пікірлесті. Атап өтксек, өткен жылы аталған мектеп-лицейіне облыс бойынша алғаш болып «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры арқылы 250 млн. теңге қаржы бөлініп, білім ұясының базасы толықтай жаңғыртылды.
Аудандық көпбейінді орталық ауруханасында жаңадан «Инсульттық» және «Кардиологиялық» бөлімшілері ашылды. Бөлімше 54 төсекке арналған. Аудан әкімі бөлімше жұмысымен танысып, тұрғындармен тілдесті.
Мұнан соң, № 14 мектеп-лицейінің негізгі және бастауыш сыныптар ғимараттарына барды. Бүгінде екі нысанда жалпы саны 1200-ден аса оқушы білім алуда.
Одан әрі аудандық орталық мешітке ат басын бұрып, мешіт жанындағы Құран жаттау орталығын аралап көрді. Орталықта бір мезетте 70 шәкірт білім алады. Олар діни сауат ашумен қатар мектеп бағдарламасын оқиды. Ғимаратта дәрісхана мен жатақхана қарастырылған.
Санаулы күндерден соң тағы бір оқу жылы қорытындылады. Осыған дейін мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуді алыс шақырымдарды артқа тастап, Қазалы, Қызылорда қалаларына барып тапсыратын еді. Биыл бұл мәселе оң шешімін тауып, Аралдық талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді аудан орталығынан тапсыруға мүмкіндік жасалды. ҰБТ пункті болып Ұзақбай Қараманов атындағы № 262 мектеп-гимназиясы таңдалды. Мектептің жұмысын және ҰБТ базасын бағамдаған аудан басшысы, талапкерлердің тест тапсыру кезеңінде ешқандай кедергілердің болмауын қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі аралау барысында «Арал» көпсалалы колледжі, № 83 орта мектебінің және «Сартай» бөбекжай-бақшасының бүгінгі тынысымен танысып өтті.