2023-2024 жылдың күзгі-қысқы кезеңі тұрақты өтті, энергетикалық кәсіпорындарда ірі апаттарға жол берілмеді. Орын алған технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылды. Энергия көздері негізгі және резервтік отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілді. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жылыту маусымының қорытындылары және алдағы жылыту кезеңіне дайындық туралы баяндады.

Оның айтуынша, электр жүктемесінің максимумы өткен жылғы 13 желтоқсанда 16 626 МВт-қа жетті. Электр энергиясының жоспарлы импортының арқасында электр стансаларындағы барлық жоспарланған жұмыстар орындалды, бұл осы жылғы 4 ай ішінде өткен жылмен салыстырғанда 4% артық өндіруге мүмкіндік берді.

«Электр стансаларының жұмысына энергетикалық бақылауды күшейту температуралық кестені сақтамау жағдайларын 87% азайтуға ықпал етті. Электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар 1 070 жағдайға, яғни 45%-ға төмендеді. Осы технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті шеңберінде тиісті тергеулер жүргізді және осындай жағдайлар қайталанбас үшін ұсынымдар берді. 2023 жылдан бастап электр стансаларында бірқатар жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Бұл жылыту кезеңінің тұрақты өтуіне әсер еткен жоқ. Әрбір кәсіпорын бойынша Министрлік әкімдікпен бірлесіп бақылау орнатты», — деді ведомство басшысы.

Министрлік МАЭК, сондай-ақ Степногорск, Екібастұз, Жезқазған, Теміртау, Шахтинск, Риддер және Кентау қалаларындағы жылу электр орталықтарында жылыту маусымының өтуі мәселесіне баса назар аударды. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында да аталған энергетикалық кәсіпорындарды бақылау жалғасатын болады.

Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес биыл электр стансаларында 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. 2 энергоблокта, 12 қазандықта және 2 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр. 1 энергоблокта, 1 қазандықта және 4 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 20,9 мың км электр беру желілерін, сондай-ақ жоғары вольтты 423 кіші станцияны жөндеу жоспарланған.

Электр желілерін жөндеу жұмыстары бекітілген кестелерге сәйкес жүргізіліп жатыр. Барлық өңірлердегі электр стансаларында жөндеу жұмыстары графиктерге сәйкес жүргізілуде, кешігу фактілері тіркелмеген.

Министрлік энергетика секторының инвестициялық тартымдылығын және алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін мынадай шаралар қабылдады:

  • 25 энергия өндіруші ұйым үшін электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді, ондағы орташа өсім 20% болды;
  • электр қуаты нарығындағы шекті тариф айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 1,065 млн теңгеге дейін ұлғайтылды;
  • қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32-ден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

«2024 жылы қабылданған шаралар шамамен 327 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді, бұл өткен жылғы деңгейден 44%-ға артық. Берілген өтінімдерге сәйкес Үкімет резервінен энергия көздерін дайындауға алдын ала 17 млрд теңге бөлінді. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жақын арада аяқталады», — деді спикер.

Министрлік энергетикалық бақылауды күшейту жөніндегі тапсырма шеңберінде жүйелі заңнамалық жұмыс жүргізуде:

  • электр стансалары мен өңірлік электр желілік компанияларға тексеру жүргізу кезінде Кәсіпкерлік кодекстің талаптарын алып тастау;
  • энергетикалық кәсіпорын ішінде өндірістік энергетикалық бақылауды енгізу;
  • электр энергетикасы саласындағы нормативтік талаптарды бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту;
  • Энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің штат санын ұлғайту.

Алдағы жылыту маусымы тұрақты өтуі үшін энергетикалық кәсіпорындарда мынадай жұмыстар жүргізу қажет:

  • барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындау қажет. Министрлік жыл басында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барлық қажетті көлемін қоса отырып, тарифті түзетуді жүргізді.
  • су тасқыны кезеңінде пайдаланылатын материалдардың апаттық қорын толтыру;
  • отынның нормативтік қорын құруды қамтамасыз ету;
  • жазғы кезеңде дағдыларды сақтау үшін қызметкерлерді оқыту және жаттықтыру;
  • күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындық паспортын алу.

Энергетикалық қадағалау комитеті аталған іс-шараларға бақылау жүргізетін болады. Энергетика министрлігі энергия кәсіпорындарын алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындау жөніндегі жұмысты жалғастырады.

БӨЛІСУ