Бүгін Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәрiпбайқызы көпбейінді облыстық аурухана мәжіліс залында аймақ дәрігерлерiмен кездесті.

Министрді медицина саласының үздігі, құрметтi ардагер Тұрғанбай Маханұлы күтіп алып, көпбейінді облыстық аурухананың алдағы мақсаттарымен де таныстырып өтті.
Мәжіліс залында дәрігерлермен болған кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы және барша медицина қызметкерлері қатысты.
Жиында әр медицина салалары бойынша баяндамалар жасалды. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі медициналық қызмет жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, мамандардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Жиын соңында Ақмарал Шәрiпбайқызы сала мамандарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді одан әрі арттыруды және профилактикалық егу жұмысын жүйелi жүргiзудi тапсырды.

Айта кетейік, 2023 жылы салада инфрақұрылымды нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайтын 9 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді (2023 жылға бөлінгені 1,8 млрд теңге). Оның ішінде көп жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, облыстық фтизиопульмонология орталығының (Жоба құны 1,2 млрд. теңге. 2023 жылға 500,0 млн.теңге бөлінді) және облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимараттары күрделі жөндеуден өтті (Жоба құны 1,3 млрд. теңге, нысан 2024 жылға өтпелі болып табылады).

Денсаулық сақтау ұйымдарына 512,5 млн. теңгеге 25 дана санитарлық көлік, 78,0 млн. теңгеге 208 дана компьютер жиынтығы сатып алынды.
Денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 5,4 млрд. теңге қаржы бөлінді. Ұлттық жоба аясында өңірімізде құны 11,0 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан тізімге енгізіліп, 2023 жылы 16 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Ал, 11 нысанның құрылысы ағымдағы жылы жүргізіледі. Осы бөлінген қаржының барлығы өңіріміздің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бағытында ел игілігіне жұмсалды.
Осы орайда атап өткен жөн, облыстың медицина саласын жетілдіруге бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыс орнатылып, екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңге көлемінде қаржы тартылды. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды.
Жетекші клиникалар мамандарының қатысуымен шеберлік класстарын ұйымдастыру арқылы мамандардың шеберліктерін шыңдау да  назарда. 2024 жылға жергілікті бюджеттен мамандардың біліктілігін шетелдік жетекші клиникаларда арттыруға қаражат бөлініп, бүгінгi күнi бұл жұмыс басталып кетті. Қазіргі таңда 10 анестезиолог-реаниматолог, 5 кардиолог Түркияның Стамбул қаласындағы «Мемориал чичли» клиникасында біліктіліктерін арттырып келді.

БӨЛІСУ