Бүгін ауданда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серікбаев Әділбек Үргенішбайұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасында самбодан республикалық турнир басталды.
Дүбірлі спорт додасының ашылу салтанатына аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, Ә. Серікбаевтың өнегелі өмір жолы мен спорт саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы сөз қозғап, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
— Әділбек Үргенішбайұлы саналы ғұмырында Сыр спортының дамуына айрықша үлес қосты. Жүз шайыр шыққан киелі өңірді, жүз спорт шебері шыққан балуандар өлкесіне айналдырды. Ол 30-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 100-ден аса спорт шебері мен бірнеше Әлем және Азия чемпиондарын дайындап шығарды.
Оның қос бірдей шәкірті Мақсат Исағабылов пен Еламан Ерғалиев «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпаздары атанып, ел мақтанышына айналды, —деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, спорттық іс-шараның ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Жақсымұратұлы қатысып, республикалық турнирдің салтанатты ашылуымен құттықтады.
Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі спорт додасында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларынан және еліміздің барлық аймағынан 15 команда, 150-ге жуық спортшы бақ сынайды.