Аймағымызға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисті, профессор, медицина ғылымдарының докторы Көшерова Бақыт Нұрғалиқызы iссапармен келдi.
Білікті маман облысымызда жұқпалы аурулардың алдын-алуға бағытталған жұмыстардың барысымен танысып, жергілікті медициналық қызметкерлермен тілдесті.
Сапардың алғашқы күнiн Шиелі аудандық ауруханасының жұмысымен танысудан бастаған бас инфекционист аудандағы инфекциялық ауруларға қатысты эпидемиологиялық ахуалға қатысты мағлұматқа қанықты. Одан соң дәрігерлермен сұхбат жүргізіп, аса жұқпалы дертке шалдыққан науқастарды қабылдау реттілігін сақтаудың маңыздылығын тілге тиек етті. Оның ішінде инфекциялық аурулармен қарым – қатынаста болатын мамандардың екпе алу жұмыстарына қатысты қатаң тапсырмалар берілді.
Iссапардың екiншi күнiнде облыс орталығындағы бірнеше медициналық ұйымдарды аралаған Бақыт Нұрғалиқызы облыстық периниталды орталықта ұйымдастырылған семинарға қатысып, жұқпалы ауруларға қатысты дәріс өткіздi.
Одан соң облыстық жұқпалы аурулар ауруханасын аралап, емделушілердің жағдайымен танысып, науқастарға кәсiби кеңес бердi.
Сапар соңында “Мұндағы мамандарға жұқпалы аурулар туралы толыққанды ақпарат беру, олардың біліктілігін арттыру күн тәртібінен түскен емес. Бүгін мен ауруханада ем алып жатқан бірқатар науқастарды қарап шықтым. Жалпы қызылордалық дәрігерлердің беріп жатқан ем – шаралары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес келеді. Әріптестерімнің біліктілігі жоғары екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім”, – деді Бақыт Нұрғалиқызы.
Мұнан соң, еліміздің бас инфекционисті аурухана қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырды. Онда аса қауіпті жұқпалы дертке шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету кезіндегі сақтық шаралары туралы сөз қозғап, қауіпсіздік ережелеріне кеңінен тоқталды.