Ағымдағы жылы өңірімізде 500-ге жуық студент мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарын аяқтайды.
Бүгін Депаратменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ж.Шынтасов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Ж.Оразмаханов және әдіскері А.Жұмалғұлованың қатысуымен мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуын бітіруші, GPA көрсеткіштері 3,33 төмен емес нәтиже көрсеткен түлектерімен кездесті.
Кездесу барысында ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енген өзгірстермен таныстырып және осы Заңда берілген мүмкіндіктері пайдалануға шақырды.
Осы Заңның 15-бабының 6-тармағына сәйкес Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен (GPA 3,33) төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітіргендер, осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен “Б” корпусының төмендегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алатындығын атап өтті.
Атап айтқанда, облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына;
– жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшылық емес лауазымына;
– аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына;
– орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымына орналаса алатындығын айтылды.
Сонымен қатар, аудандық немесе ауылдық жерлерде жұмыс жасауға ниет білдірген жастарға бұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.

БӨЛІСУ