Бүгін Руханият орталығында аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентінің көше комитеттерімен кездесу өткізді. Жиынға ардагерлер, кент тұрғындары, көше комитеттері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.

Наурыз айынан бастап аудан көлемінде көркейту және көгалдандыру жұмыстарының іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан тұрғындары көктемгі көркейту жұмыстары, ауладағы бау-бақшаны күтіп-баптау секілді жұмыстарды жасауда. Таяуда ғана мемлекет басшысы елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеп, аймақ басшысы да өз Үндеуін жариялады.

Аудан тұрғындарымен өткен кездесуде ең әуелі тазалық мәселесіне ден қойған аудан басшысы Ардақ Әбдіғаппарұлы тазалық – әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталуы тиіс екенін жеткізді.

«Туған жердің көркеюіне, гүлденуіне үлес қосу әрбір тұрғынның азаматтық парызы деп есептеймін. Көктемнің жайма-шуақ күндерінде ауылдарда, кентте көркейту жұмыстары жүруде, бұл шаруаны әрбір азамат өз ауласынан бастағаны жөн. Өз ауламызға тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, саялы ағаш отырғызып, гүл егіп, үйімізді ақтап, қақпамызды сырлап қойсақ, үй-жайымыз да жаңарып қалады, екінші жағынан кенттің тазалық жұмыстарына да үлесімізді қосқан болар едік. Қазіргі таңда ерекше атап өтуге болады тазалық акцияларына, санитарлық жұмыстарға белсене қатысып, көпке үлгі болып жүрген Т.Жүргенов, С.Қалыбаев көшелерінің тұрғындары.

Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен 2023 жылы облыста «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп, жеңімпаздарға арнайы ауыл шаруашылығы техникалары табысталды. Конкурстың «Үздік ауыл» номинациясы бойынша Таң ауылы ІІ орын иеленді. Сондай-ақ, өткен жылы ауданда «Үздік аула-2023» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Осы жобалардың жалғасы ретінде биылғы жылы ауданда тұңғыш рет «Жасыл көше-2024» байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Тұрғындар аулалары мен қатар өздері тұратын көше бойын абаттандырып, аяқ су жүретін арықтарды қазып, кент келбетінің көркеюіне өз үлестерін қосуы тиіс. Аталған байқаудың жеңімпаздарына қомақты қаржылай сыйлықтар табысталатын болады» деген аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы бәріміз ел игілігіне салынған нысандарды күтіп ұстауға шақырды.

Келелі кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан, кент ардагері Олжабай Жаңабергенов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тәуіпбаев тазалық мәселесі мен кентті көркейтіп-көгалдандыру аясындағы жұмыстарды тарқатып, аудан тұрғындарын тазалық маусымында белсенділік танытуға, өзіміз тұратын өлкенің дамуына атсалысуға шақырды.

Айта кету керек, Жалағаш кентінде барлығы 85 шақырымды құрайтын 71 көше бар. 2023 жылы облыстық бюжеттен 1,0 млрд-қа жуық қаржы бөлініп, 11 көше жөндеуден өтті. Осының негізінде, бүгінгі күнге, асфальт төселген жолдардың үлесі 94 пайызға жетсе, жарықтандырылған көшелердің үлесі 55 пайызға жетіп отыр.

БӨЛІСУ