Жапонияның «Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы аймағымыздағы әлеуметтік нысандардың жұмысы жанданып жатыр. Соның бірі Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі 2022 жылы «Мектепті автобуспен жабдықтау» атты жоба бойынша грант ұтып алды.

Бағдарламаның шарапатын көріп отырған мектеп ұжымымен
Жапон елінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джун Ямада, Жапон елшілігінің Атташесі Шимон Комия, «Шөп тамыры» бағдарламасының үйлестірушілері Ютаро Икэноуэ мен Алия Чингишпаевалар келді. Шараға
облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бердаулетов Бағдат Камбозұлы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сабалақ, Эдельвейс мекенжайларынан 630 бала қатынап оқитын мектепке тасымал қиынға түскен еді. Жоба бойынша қаржылай көмек алған мектеп, бүгінде саяжайларға 4 автобус балалар үшін қызмет жасауда.

Шара барысында мектеп директоры Бек Сұлтанбекұлы «Сіздердің әлеуметтік жобаларға арналған көмектеріңіз білім саласына ғана емес, басқа да салалардың дамуына үлкен көмек. Әрине, бұл – маңызды жұмыс. Екі ел арасындағы қарым-қатынас бауырмалдыққа негізделген, деп өзі алғысын жеткізді.

Жалпы, 2006 жылы Жапон Үкіметі Қазақстан Республикасы үшін көмек көрсету бағдарламасын дайындады. Осы бағдарлама аясында үш басты даму мәселелері көтерілді: кедейлікті қысқарту бойынша көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, Қазақстан Республикасының ауылдық аудандарында денсаулық сақтау деңгейін арттыру.

Сонымен қатар, әйелдерді белсенді еңбек қызметіне (Әйелдер дамуы) тарту, бастауыш білім беру, қоғамдық әл-ауқат сияқты салалардағы жобаларға назар аударылады. Бір жоба бойынша грант сомасы 10 миллион иеннен, яғни шамамен 85,000 АҚШ долларынан, аспау қажет.

Бағдарламаның мақсаты: адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыру жолымен қарапайым халыққа көмек көрсету

Шарттар: гранттың жалғыз шарты – Қазақстан Республикасында қарапайым халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы жобаларды іске асыратын коммерциялық емес ұйым болу. Сондай-ақ, өтініш берген кезде өтініш беруші ұйымның екі жылдан астам табысты жұмыс тәжірибесі болуы тиіс.

БӨЛІСУ