Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың елді мекендерді аралау сапары Райым және Аманөткел ауылдық округтерінде жалғасты. Алдымен Қызылжар, Шөмішкөл елді мекендері тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Шөмішкөлдіктер жайылымдық және шабындық алқаптары үшін маңызы зор «Ардана» каналына шлюз орнату мәселесін ұсынса, қызылжарлықтар тарапынан «Шөмішкөл-Қызылжар» және «Арал –Қызылжар» бағытындағы автокөлік жолдарының құрылысын сапалы аяқтау қажеттігі айтылды.
Тұрғындардың пікірін мұқият тыңдаған аудан басшысы «Ардана» каналына шлюз орнату үшін жоба-сметалық құжаттама әзірлендігін, алдағы уақытта құрылысына қаржы бөлу үшін жауапты басқармаға өтінім жолданатындығын түсіндірді.
Мұнан кейін Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Мұндағы халықтың көптен бергі тілегі жаңа мектеп ғимараты болатын.
Аудан басшысы ауыл ардагерлері мен тұрғындарға облыс әкімінің қолдауымен жаңа 50 орындық білім ошағы бой көтеретіндігін жеткізді. Бұл – оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар үшін бірден бір қуанышты жаңалық.
Бұдан кейін Жамбыл өндірістік кооперативінің көктемгі жер жырту жұмыстарын көріп, аталмыш кооперативтің балық өсіру цехының жұмысымен танысып шықты. Қазіргі таңда егістік алқабында жер жырту жұмыстары аяқталған, жақын күндері жергілікті жерге төзімді көкөністер мен дақылдар егілетін болады. Ал балық өсіру цехында тұқы балықтары, сазан, дөңмаңдай ақ амур шабақтары өсірілуде, мерзімінде теңізге жіберілетін болады.
Аудан әкімі ауылдардағы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелеріне барып, қазіргі жағдайын көрген соң жұмыс сапасын арттыруды жауапты басшыларға тапсырды. Мұнымен қоса, Сыр өңіріне жасалған сапар барысында «Жақайым ата» кесенесі мен «Нұртуған ата» бейітіне ат басын бұрып, ата-баба рухына тағзым етті.