Биыл жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған 25 мектеп ашылады.

Бұған дейін апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 76 738 орынға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның ішінде бүгінгі таңда 37 мектеп іске қосылды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Білім беру нысандарын іске қосу нәтижесінде өңірлерде 48 мың жаңа оқушы орны пайдалануға берілді. Көпшілігі ірі мегаполистерде және оларға жақын агломерацияларда орналасқан.

«Қор Қазақстанның білім беру саласындағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қордың қызметі мектептер, оларға қосымша құрылыс нысандарын, интернаттар салу, реконструкциялау арқылы үш ауысымды, апатты мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жоюға бағытталған. Осы жылы 28 мың оқушы орнына арналған тағы 25 мектепті іске қосу жоспарлануда», – деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының м.а. Марлен Қасенов.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен шамамен 15 мың орындық тағы 20 жаңа мектеп салынатыны белгілі болды. Олар пайдалануға 2025 жылы беріледі деп күтілуде.

БӨЛІСУ